Қоғам

Ұлттық ұланда 25 жыл қызмет еткен Юрий Сухоруков зейнетке шықты

Ұлттық ұланның 5518 әскери бөлімінде ширек ғасырдан астам өмірін әскери қызметке арнаған «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының аға офицері, подполковник Юрий Сухоруковты салтанатты түрде зейнетке шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Салтанатты шараға әскери қызметшілер мен сарбаздардан бөлек, офицердің анасы, жары және немерелері қатысты.

Құрмет кешінде подполковник Юрий Сухоруков ҚР Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Ержан Саденовтың бұйрығымен «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды.

Юрий Сергеевич өңірлік қолбасшылықтағы жауынгерлік даярлықты жетілдіруге және әскери тәртіпті нығайтуға зор үлес қосты. Осындай адал қызметі үшін алғыс білдіремін, – деді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Арман Жұмағалиев.

Қолбасшы офицердің отбасы мүшелеріне де арнайы сыйлықтар табыс етті.

Юрий Сухоруков 1978 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Шемонаиха қаласында дүниеге келген. Бар саналы ғұмырын Отан қорғауға арнаған тәжірибелі маман. Әскери жолын 1999 жылдан бастап Ұлттық ұлан қатарында қызмет етті. Ұландық взвод командирінен бастап, жауынгерлік даярлық басқармасының аға офицеріне дейінгі күрделі әрі жауапты жолдан өтті.

Шара барысында әскери бөлімнің өнерпаздары патриоттық әндер шырқап, зейнетке шыққан офицермен қызықты сұрақ-жауап айдары ұйымдастырылды.

Кештің ең әсерлі сәті офицердің анасы Людмила Васильевнаның ұлына арнап шығарған «Ұлыма» атты өлеңі болды. Жыр шумақтарында кешегі жас курсанттың ширек ғасыр ішінде құрметті подполковникке дейін өскен бүкіл әскери өмір жолы сипатталып, жиналған қауымды тебірентті.

Өз кезегінде подполковник Юрий Сухоруков қолбасшылық басшылығына және иық тіресе бірге қызмет еткен барша қаруластарына шынайы ризашылығын білдірді.

Нұрай Жеңісқызы

Басқа жаңалықтар

Back to top button