Аурухана қаражатына Астанадан пәтер сатып алған

Қаржылық мониторинг агенттігі Түркістан облысы бойынша департаменті медициналық жабдықтарды сатып алу кезінде бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеу жүргізуде – деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Агенттіктің мәліметінше, Қазығұрт аудандық орталық ауруханасының бұрынғы бас дәрігері медициналық газбен жабдықтау жүйесіне арналған құрылғыларды сатып алу кезінде оларды жасанды түрде бірнеше бөлікке бөліп, кейін көптеген келісімшарттар жасау арқылы сатып алуды ұйымдастырған.
Схеманы жүзеге асыру үшін ол медициналық жабдықтарды жеткізу саласында тәжірибесі бар танысын тартқан. Ол өзіне бағынысты, туыстары мен таныстарының атына тіркелген коммерциялық ұйымдарды пайдаланған. Осы компаниялардың атынан әдейі асыра көрсетілген коммерциялық ұсыныстар әзірленген.
Жабдықты іс жүзінде басқа компания жеткізгенімен, қабылдау актілері мен келісімшарттар бақылауындағы фирмалар арқылы рәсімделген. Ауруханадан аталған компаниялардың есепшоттарына қаржы түскеннен кейін күдіктілер қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырып, өзара бөліскен.
Мемлекетке келтірілген жалпы шығын 115 млн теңгені құрады. Қылмыстық жолмен алынған табысқа күдікті елордадан екі бөлмелі пәтер сатып алған, сот санкциясымен бұл мүлікке тыйым салынды. Бұрынғы бас дәрігерге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде кепіл қолданылды, ал оның сыбайласы үй қамақта отыр. Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабы бойынша өзге ақпарат жария етуге жатпайды, – делінген агенттік таратхан хабарламада.
Minut.kz



