Өскеменде «Аяз Атаның қан фабрикасы» акциясы өтті

Өскеменде мерекелік мейірім толқыны! Бүгін бұл қалада «Аяз Атаның қан фабрикасы» атты ерекше донорлық акция өтті – деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Жаңа жылға орай арнайы ұйымдастырылған игі шараға жүздеген адам атсалысып, өзгелердің өміріне араша түсу үшін өз үлестерін қосты. Облыстық қан орталығының дәрігерлерінің бастамасымен қолға алынған жоба – жай ғана акция емес, мереке қарсаңындағы нағыз тіршілік сыйы дерсіз.

Қан құю аса маңызды, емделушілер үшін демалыс және мерекелік күн деген болмайды. Сондықтан дәл мереке алдындағы күні осындай іс-шара өте қажет, – дейді ШҚО Қан орталығы директорының орынбасары Татьяна Войнова.
Мамандар бұл шараны қан қорын толықтыру үшін әдейі өткізген. Себебі алда бірнеше күнге созылатын ұзақ мерекелік демалыстар. Тәжірибе көрсеткендей, дәл осы күндері шұғыл қанға деген сұраныс еселеп артады. Сондықтан, ақхалаттылар мерекелік отшашулар басталғанша, стратегиялық қорды толықтырып, науқастардың тарығып қалмауының қамын жасап жатыр.
Жанель Жанболатқызы



