Мәдениет

Ұзындығы 2 шақырымдық құрақ көрпе Гиннес жолында

Шығыс Қазақстанның орталығындағы «Восток» стадионы бүгін нағыз қолөнер алаңына айналды. Мұнда ұзындығы 2000 метрден асатын «Аламан құрақ көрпе» жайылып, әлемдік рекордты жаңартуға дайындық жүріп жатыр, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Осы уақытқа дейін әлемдік деңгейде тіркелген ең жоғары көрсеткіш – 660 құрақ көрпе. Өскемендік шеберлер бұл межені айтарлықтай басып озды. Қазірдің өзінде 788 көрпе дайын тұр. Айта кетерлігі, бұған дейін Моңғолия мен Өзбекстан тарапынан жасалған талпыныстар нәтижесіз аяқталып, ресми тіркеуден өте алмаған болатын.

Ауқымды шараға Қазақстанның түкпір-түкпірінен және әлемнің 8 мемлекетінен келген 800-ден астам қолөнерші қатысуда. Осыншама нәзік жандылардың арасында еңбегі ерекшеленген жалғыз ер азамат бар – ол Марат Жекенов. Ұйымдастырушылар оның ұлттық өнерге деген құлшынысын жоғары бағалап отыр.

Бұл өте ауыр, ұқыптылықты талап ететін жұмыс. Әр көрпе 140 бөліктен құралған арнайы блоктар арқылы тігіледі. Ұсақ жолақтарды 360 градус бағытта дәл жалғау – үлкен шеберлік, – дейді «Global BEST of RECORDS» ресми өкілі, профессор Қуандық Құдайбергенов.

Рекордтың ерекшелігі тек ұзындығында ғана емес (2000 метр), сонымен қатар көрпелердің санында да болып отыр. Шараға ЮНЕСКО сарапшылары арнайы қатысып, мәліметтер 48 мемлекетке жолданған.

Барлық деректер Біріккен Араб Әмірліктеріндегі штаб-пәтерге жіберілді. Ресми шешім бүгін кешке жарияланады.

Аймарал Шалабаева

Басқа жаңалықтар

Back to top button