Үздік дәрігерлер анықталды

Медицина қызметкерлері күніне орай Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінде кәсіби шеберлікке қатысты «Үздік дәрігер» және «Үздік фельдшер» байқауы өтті, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, апаттар медицинасы орталығының мамандары арасындағы сайыс теориялық тестілеу және авариялық-құтқару жұмыстары кезіндегі практикалық кезеңдерден тұрды. Ауыр жарақаттар мен шұғыл жағдайларда жоғары кәсібилік танытқан Владимир Зайцев «Үздік дәрігер» атанса, Қанат Қинаятов «Үздік фельдшер» номинациясын иеленді.

Жалпы Шығыс Қазақстан филиалында 9 дәрігер мен 13 орта медициналық қызметкер еңбек етеді. Оның ішінде 3 дәрігер денсаулық сақтау саласының үздігі.
Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері құтқарушылармен бірге ең шалғай және қатынауы қиын аймақтарда қызмет атқарады. Биылдың өзінде олар:
- 194 рет шақыртуға шықты;
- 37 зардап шегушіге, оның ішінде 11 балаға шұғыл медициналық көмек көрсетті.
Филиал басшысы Молан Молдабаевтың айтуынша, жақында ғана Алтай ауданының шалғайындағы 62 жастағы омарташыға шұғыл көмек қажет болған. Науқасты тасымалдау үшін ТЖМ тікұшағы жұмылдырылып, дәрігерлер әуе бортында науқастың жағдайын тұрақты бақылай отырып, Алтай қаласындағы ауруханаға аман-есен жеткізді. Оған қоса, мамандар ірі өнеркәсіптік кәсіпорындағы төтенше оқиға кезінде де зардап шегушіні жедел құтқарып үлгерген.
Трассалық пункт: Босандырудан бастап борандағы құтқаруға дейін
Ұлан ауданының Привольное ауылындағы трассалық медициналық-құтқару пункті де тәулік бойы үзіліссіз жұмыс істеп тұр. Биыл олар жол үстінде және жақын маңда көмекке жүгінген 13 зардап шегуші мен 12 азаматқа қызмет көрсетті.

Тұрғындар көбіне қан қысымы көтеріліп немесе тұрмыстық жарақаттар бойынша келгенімен, ондағы мамандар кез-келген көмекті көрсетуге әзір. Атап айтсақ, ақхалаттылар бекетте жолда қалған жүкті әйелді босандырып та алған. Боранда қалған автобус жолаушыларын эвакуациялап, ыстық тамақ беріп, жылы орынға да осы қызметкерлер жайғастырады.
Пункт заманауи реанимациялық құралдармен жабдықталған. Жол-көлік оқиғасы кезінде автокөліктерді ашуға арналған авариялық-құтқару құралдарымен толық қамтылған.
Жанель Жанболатқызы



