Өрттен аман қалғандардың жағдайы белгілі болды

Түркістан облысы Жетісай ауданы Алғабас ауылындағы өрттен кейін медициналық мекемелерге үш адам жеткізілді. Үш адамның екеуі ересек, біреуі бала, – деп хабарлайды облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Ведомство ақпаратына сәйкес, қазір барлығы жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайлары тым ауыр, бірақ тұрақты.
— 18 қарашада Жетісай ауданында болған өртке байланысты өңірдің медициналық қызметі зардап шеккендерге жедел түрде көмек көрсетуді бастады. Медициналық мекемелерге үш адам — екі ересек және бір бала жеткізілді. Барлығы реанимация бөлімінде жатыр, жағдайлары ауыр, бірақ тұрақты. Науқастарға интенсивті терапияның толық кешені жүргізілуде, олардың жағдайы салалық мамандардың толық бақылауында, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар басқарма жедел медицина желісі бойынша күшейтілген жұмыс тәртібі енгізілгенін мәлім етті.
— Облыстық денсаулық сақтау мекемелерінен қосымша мамандар тартылып, қажетті дәрі-дәрмекпен және психологиялық қолдаумен қамтамасыз етілді. Жағдай Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасының бақылауында, — деді облыстық денсаулық сақтау басқармасынан.
Айта кетейік, бүгін Түркістан облысы Жетісай ауданының Алғабас ауылында орналасқан екі қабатты жеке тұрғын үй өртеніп, 12 адам қаза тапты.
Minut.kz



