ЖИТС-ке қарсы айлық өтіп жатыр

Шығыс Қазақстан облысында биыл жыл басынан бері ВИЧ індетіне шалдыққан 246 жағдай тіркелді. Өңірде иммун тапшылығы вирусын жұқтырған жандардың жасы 15-тен 49 жасқа дейін.
Ауру қазір кез-келген адамда анықталуы мүмкін. Яғни, бұл дертті белгілі бір санаттағы адамдар тобы жұқтыруы мүмкін деген түсінік жоқ.
Соған байланысты 10-қарашадан 10-желтоқсанға дейін айлық өтіп жатыр. Бұл кезеңде ЖИТС орталығында кең ауқымды акциялар, дөңгелек үстелдер мен семинарлар ұйымдастырылып, дәрістер оқылуда. Ашық есік күні де өткізілуде.
Қазіргі ақпараттың қолжетімділігіне қарамастан, АИТВ тақырыбы әлі күнге дейін мифтер мен қорқынышқа толы. Шын мәнінде, жаңа жағдайлардың басты себептерінің бірі — білімнің жеткіліксіздігі.
Вирус қалай жұғатынын, одан қалай қорғану керектігін және диагнозбен қалай өмір сүруге болатынын түсіну — әр адам үшін маңызды.
Жалпы АИТВ дегеніміз не?
Адамның иммун тапшылығы вирусы (АИТВ) — ағзаның қорғаныс жүйесі болып табылатын иммундық жүйеге әсер етеді. Егер инфекция уақытында анықталмаса және ем басталмаса, АИТВ ЖИТС-қа әкелуі мүмкін.
Алайда, бүгінде АИТВ — бақылауда ұсталып, дұрыс ем қабылдағанда адам ұзақ әрі толыққанды өмір сүре алатын созылмалы ауру.
АИТВ қандай жолмен жұғады?
- Вирус тек үш жолмен беріледі:
- қорғаныссыз жыныстық қатынас кезінде;
- қан арқылы (ортақ инелер, стерильді емес құралдар);
- анадан балаға жүктілік, босану немесе емізу кезінде.
Маңыздысы: АИТВ тұрмыстық жағдайда жұқпайды. Құшақтау, сүйісу, қол алысу, ортақ ыдыс қолдану, бассейн, жәндіктердің шағуы — бәрі қауіпсіз.
Тестілеуден өту неге маңызды?
Көптеген адамдар АИТВ-мен өмір сүргенін жылдар бойы білмей жүреді. Инфекцияны ерте анықтау емді уақытында бастауға және денсаулықты сақтауға мүмкіндік береді. Қазіргі тесттер — жылдам, тегін және толықтай құпиялық сақталады.
Заманауи ем — ұзақ өмірдің негізі болып табылады.
Антиретровирустық терапия (АРТ) — АИТВ-ны бақылаудың негізгі әдісі. Дәрілерді жүйелі қабылдау вирус жүктемесін анықталмайтын деңгейге дейін төмендетеді, иммунитетті күшейтеді және вирустың басқа адамдарға берілуінің алдын алады.
Стигма — профилактиканың жауы.
Қорқыныш пен теріс көзқарастар адамдарды тестілеуден қашуға және диагнозын жасыруға мәжбүр етеді. Мифтерді жоққа шығару, құрмет пен қолдау — дені сау әрі хабардар қоғам құрудағы маңызды қадамдары.
Әрқайсымыз не істей аламыз:
- қауіпсіз мінез-құлық ережелерін сақтау;
- тестілеуден тұрақты өту;
- ғылыми ақпаратқа сену;
- АИТВ-мен өмір сүретін адамдарды кінәламай, қолдау көрсету.
АИТВ — үкім емес.
Қазіргі медицина вирусты бақылауда ұстап, белсенді өмір сүруге, отбасын құруға және болашақты жоспарлауға мүмкіндік береді. Ең бастысы — білу, тексерілу және өз денсаулығыңызды қорғау.
Аяжан Әмірова, ШҚО ЖИТС ОО профилактикалық жұмыс бөлімінің дәрігер-эпидемиологы


