Зейнетақы қаржысы енді офтальмология үшін де берілмейді

Бүгіннен бастап желтоқсанынан офтальмологиялық қызметтерді біржолғы зейнетақы төлемдерімен төлеуге арналған өтінімдер enpf-otbasy.кz платформасында қабылданбайды – деп хабарлайды Minut.kz тілші.
Бірақ осы күнге дейін жолданған барлық өтінімдер бұрынғы тәртіппен қаралады.
Өтінім қабылдауды тоқтату – Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен жаңа ережелерге байланысты. 3 желтоқсанда жарияланған бұйрыққа сәйкес, енді зейнетақы жинағын стоматологияға да, офтальмологияға да қолдануға рұқсат жоқ.
Стоматология бағыты жабылғаннан кейін офтальмологияға сұраныс күрт көбейіп, 15 мыңнан астам өтінімге жеткен.
Банк тексеріс барысында күмәнді жағдайларды да анықтады. Әртүрлі клиенттер бір клиникамен келісімшарт жасағанымен, құжаттарда клиниканың мекенжайы әр қалада әртүрлі көрсетілген. Тексеру кезінде бұл мекенжайларда ондай клиника мүлде жоқ екені белгілі болды, — делінген Отбасы банк хабарламасында.
Дегенмен, бірқатар бағыттар тоқтағанына қарамастан, азаматтар зейнетақы жинағының қолжетімді бөлігін маңызды әрі қымбат емдерге пайдалана алады.
Олар:
- орфандық, яғни сирек ауруларды емдеу;
- реконструктивтік және қалпына келтіру операциялары;
- радио-йод және радионуклидті терапия;
- радиохирургиялық ем;
- протондық терапия.
Minut.kz


