Білім

Педагогтерге қаржылық пирамидаларды танудың жолы үйретілді

Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскеменде «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында білім беру саласы қызметкерлерінің қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған ауқымды акция өтті. «Стоп пирамида!» ұранымен өткен іс-шара мұғалімдер мен оқытушылардың алаяқтық схемаларға алданбауына және бұл білімді жас ұрпаққа жеткізуіне негізделген, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Шығыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті облыс прокуратурасымен және әкімдігімен бірлесіп, жалпы білім беретін мектеп мұғалімдері мен колледж оқытушыларына арналған «Стоп пирамида! Қаржылық сауаттылықты арттыру» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Педагог – қоғам айнасы және ағартушы

Бұл шараның педагогтер арасында өткізілуінің өзіндік стратегиялық маңызы бар. Мұғалім – тек пән иесі ғана емес, ол қоғамдағы құқықтық және қаржылық мәдениетті қалыптастырушы тұлға. Іс-шараның негізгі мақсаты – ұстаздардың қаржылық қауіпсіздік деңгейін көтеріп, олардың заманауи алаяқтық схемаларды, соның ішінде қаржылық пирамидаларды жазбай тану дағдыларын жетілдіру.

Мамандардың айтуынша, педагогтер алған білімдерін әрі қарай оқушылар мен студенттер арасында тарата отырып, жастардың құқыққа қайшы әрекеттерге тартылуының алдын алуда басты рөл атқарады.

Жиын барысында лекторлар қаржылық пирамидалардың қазіргі таңдағы «трансформацияланған» түрлері мен олардың негізгі белгілеріне тоқталды. Бүгінде алаяқтар қарапайым халықты ғана емес, жоғары білімді мамандарды да құрығына түсіру үшін жаңа технологияларды қолдануда.

Осы орайда, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) заманауи әзірлемесі – AI_DOS жасанды интеллект офицері таныстырылды. Шараға қатысушыларға AI-офицердің көмегімен дайындалған лекциялық материалдар көрсетіліп, цифрлық технологиялар арқылы қаржылық қауіпсіздікті қалай қамтамасыз етуге болатыны көрнекі түрде түсіндірілді.

Лекция барысында мамандар кез келген азамат білуі тиіс қаржылық пирамиданың басты әрі қауіпті белгілерін атап өтті:

  • Тым жоғары табыс уәде ету (нарықтық деңгейден бірнеше есе жоғары);
  • Жаңа қатысушыларды тартқаны үшін сыйақы төлеу;
  • Компанияның қызметі туралы нақты ақпараттың немесе қаржылық лицензияның болмауы;
  • Салынған қаражатты тез арада қайтарып алудың мүмкін еместігі.

Кездесу тек баяндама оқумен шектелмей, қызу талқылау форматында жалғасты. Шығыс Қазақстан олысы педагогтері өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, кәсіби қызығушылық танытты. Әсіресе, әлеуметтік желілердегі күмәнді инвестициялық жобалар мен мессенджерлер арқылы таралатын «жеңіл ақша» туралы сауалдар көптеп қойылды.

Пікір алмасу барысында қаржылық қауіпсіздік саласындағы ең өзекті мәселелер көтеріліп, конструктивті шешімдер ұсынылды.

«Заң мен тәртіп» – бұл тек мемлекеттік органдардың міндеті емес, бұл әрбір азаматтың, әсіресе болашақ ұрпақты тәрбиелеп отырған ұстаздар қауымының жауапкершілігі. Мұндай акциялар азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырып, облыс аумағында экономикалық қылмыстардың азаюына септігін тигізбек.

Осындай кешенді жұмыстар алдағы уақытта да Шығыс Қазақстан облысының басқа да аудандары мен қалаларында жалғасын табатын болады. Экономикалық тергеп-тексеру департаменті азаматтарды қырағы болуға және күмәнді ұйымдарға қаражат салмас бұрын олардың заңдылығын тексеруге шақырады.

Minut.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button