Сұранысқа ие мамандықтар соққы астында
Қазақстанда жоғары оқу орындарына түскісі келетін талапкерлер үшін бәсеке едәуір күшейетін түрі бар. Ғылым және жоғары білім министрлігінің жаңа бұйрығына сәйкес, елдегі мемлекеттік білім беру гранттарының саны екінші жыл қатарынан қысқарып жатыр, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
2026–2027 оқу жылында бакалавриатқа шамамен 75 мың 400 грант бөлу жоспарланған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда тағы 1 мың 700 орынға кем. Ал соңғы екі жылдың көрсеткішін алсақ, гранттардың жалпы саны 3 мың 600 орынға азайып кеткен. Ең үлкен қысқартулар трендтегі және жастар жиі таңдайтын мына бағыттарда тіркелді:
- Инженерия және құрылыс: Бұл мамандықтар бойынша грант көлемі екі жыл ішінде бірден 14%-ға кеміді.
- Педагогика: Болашақ мұғалімдерге арналған мемлекеттік тапсырыс 1,5 мыңнан астам грантқа қысқарды.
- IT (Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар): Өткен жылы бұл салада өсім байқалғанымен, биыл грант саны қайта төмендеп, 10 мыңнан сәл асатын деңгейде тоқтады.
Отандық бағдарламалар бойынша қысқарту жүріп жатқанда, мемлекет халықаралық білім беруді қолдауға көшкен сыңайлы. Қазақстанда ашылған шетелдік университеттер мен олардың филиалдарына бөлінетін грант көлемі керісінше артып келеді.
Жаңа оқу жылында Cardiff University Astana, Coventry Kazakhstan және өзге де халықаралық оқу орындарына 1 мыңнан астам грант қарастырылған.
Сарапшылардың пікірінше, грант санының мұндай қарқынмен азаюы талапкерлер арасындағы бәсекені бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткізуі мүмкін. Әсіресе, қоғамда сұраныс жоғары мамандықтарға тегін оқуға түсу процесі айтарлықтай күрделене түспек. Биылғы түлектерге ҰБТ-да барынша жоғары балл жинауға тура келеді.
Нұрай Жеңісқызы



