Өскемендегі емхана емделушісіне 650 мың теңгесін қайтарып берді
Шығыс Қазақстан облысында Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің араласуымен жергілікті тұрғын жеке медициналық клиникаға төлеген қомақты қаржысын кері қайтарып алды, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Ресми мәліметке сүйенсек, облыс тұрғыны мен жеке емхана арасында 780 000 теңгеге медициналық қызмет көрсету туралы шарт жасалған. Азамат бір ай бойы тағайындалған процедураларды қабылдағанымен, кейіннен бұл емнің денсаулығына жақпайтынын түсініп, келісімшартты бұзуды ұйғарады.
Алайда, көрсетілмеген қызметтер үшін ақшаны қайтару кезінде клиника басшылығы соманы тым азайтып есептеген. Оның үстіне, тұтынушыға қызметтердің егжей-тегжейлі баға прейскуранты берілмегендіктен, есептің дұрыстығы күмән тудырған. Тығырыққа тірелген азамат құзырлы органға арыздануға мәжбүр болды.
Өтініш түскен бойда Департамент мамандары кәсіпкерлік субъектісіне ҚР «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңнамасының талаптарын түсіндірді. Әсіресе, қызметтер туралы толық әрі шынайы ақпарат беру және шарт бұзылған кездегі қаржыны қайтару тәртібі нақтыланды.
Нәтижесінде, заң аясындағы түсіндіру жұмыстарынан кейін жеке кәсіпкер өз еркімен тұтынушыға көрсетілмеген қызметтері үшін 650 000 теңге көлеміндегі қаражатты толықтай қайтарды.

Әрбір азамат кез келген қызметті тұтыну барысында оның құны, сапасы және есеп айырысу тәртібі туралы толық, шынайы ақпарат алуға құқылы. Егер екі тарап арасындағы шарттық қатынастар тоқтатылса, орындаушы (кәсіпкер) көрсетілген қызметтердің де, қайтарылатын ақшаның да нақты есебін ұсынуға міндетті. Бұл – заң талабы, – деді Шығыс Қазақстан облысында Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Асхат Сағидолдин.
Департамент басшысы кез келген мекемемен келісімшартқа отырмас бұрын оның талаптарын мұқият зерделеу қажеттігін ескертеді. Ресми баға прейскурантын талап етіп, төлем жасалғанын растайтын чектер мен барлық құжаттарды қызмет толық аяқталғанша сақтап қою керек. Бұл тұтынушының заңды құқығын қорғаудың басты кепілі болмақ.
Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті мамандары тұрғындарды өз құқықтарын білуге және қандай да бір заңбұзушылықтар орын алған жағдайда бірден ресми органдарға хабарласуға шақырады.
Жанель Жанболатқызы



