Денсаулық

Тегін дәрілерді теңгеге айналдырғандар анықталды

Денсаулық сақтау министрлігі еліміздің дәріханаларында мемлекет есебінен тегін берілуі тиіс препараттардың заңсыз сатылып жатқанын анықтады. 2024 жылғы 1 шілдеден бастап енгізілген таңбалау жүйесі «көлеңкелі бизнеспен» айналысқандардың бетпердесін шешті, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Жаңа аналитикалық платформаның деректеріне сүйенсек, бүкіл ел бойынша тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде халыққа тегін үлестірілуі тиіс 4114 препарат кәдімгі дәріхана сөрелерінде саудаға түскен.

Медициналық ұйымдар арқылы өткен препараттардың дәріхана желілеріне қалай түсіп кеткені анықталды. Олардың арасында қарапайым натрий хлориді мен глюкозадан бастап, созылмалы ауруларға арналған қымбат антибиотиктер де бар, – деп хабарлады ведомство.

74 нысанға жоспардан тыс тексеру жүргізілді. 31 нысан әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 12,3 млн теңге айыппұл салынды. 43 ұйымға бұзушылықтарды шұғыл жою туралы ұйғарым берілді.

Очылайша, тегін дәріні теңгеге айналдырғандардың «бизнесі» таңбалау жүйесінің арқасында тұйыққа тірелді. Анықталған фактілер бойынша материалдар Қаржы мониторингі агенттігіне және ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметіне жіберілді.

Minut.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button