Үлкен Нарын ауданында 30 пәтерлік тұрғын үй салынып жатыр

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Үлкен Нарын ауданының тұрғындарымен есеп беру кездесуін өткізді, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Жыл басынан бергі 8 айда Үлкен Нарын ауданындағы ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,9 пайызға ұлғайды. Барлық санаттағы шаруашылықтарда 2,2 мың тонна ет өндірілді.
Ауданда мал шаруашылығын дамытуға және егін шаруашылығының тиімділігін арттыруға бағытталған инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. «Елжас» серіктестігі жылдық қуаттылығы 3,3 мың тонна сүт өндіретін сүт-тауар фермасын салу жобасын қолға алды. 2027 жылы Солоновка ауылында 1000 бас малға арналған бордақылау алаңын ашу жоспарланған.
Ауданның өнеркәсіптік өнімінің негізгі бөлігін құрылыс материалдарын, дайын бетон және асфальт-бетон өнімдерін шығаруға маманданған «Элхон» серіктестігі өндіреді. Өткен жылы кәсіпорын құны 1,4 млрд теңге болатын асфальт-бетон зауытын іске қосты.

Нұрымбет Сақтағанов аудан әкімі мен ШҚО кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысына аудан аумағында жаңа қайта өңдеу өндірістерін құру үшін инвесторларды тарту жұмыстарын күшейту міндетін қойды.
Қазіргі уақытта ауданда жалпы сыйымдылығы 550-ден астам орынды құрайтын 9 туристік орын жұмыс істейді. Осы жылдың жартыжылдығында ауданға 3000-нан астам турист барған. Емдеу-сауықтыру, экологиялық және спорттық туризмді дамыту негізгі бағыттардың бірі. Бұл бағыттарды дамыту туристердің болу ұзақтығын арттыруға және жаңа туристік өнімдерді жасауға ықпал етеді.
Сонымен қатар, ауданның биыл жалпы ұзындығы 28 шақырым жолы жөнделіп жатыр. Өңірдің жалпы жол желісінің ұзындығы 282,2 шақырымды құрайды.
Көкбастау ауылында ұзындығы 5 шақырым болатын сумен қамту желілері, тазартылған суды сақтауға арналған екі резервуар және су алу құрылыстары салынады. Жоба іске асқан соң Көкбастау ауылы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етіледі.
Ауданда автономды қазандық пен бюджеттік ұйымдар нысандары жылыту маусымына толық дайын. Үлкен Нарын ауылында ұзындығы 9,9 шақырым болатын жылу желілерін қайта жаңарту жұмысы жүргізіліп жатыр.
Өткен жылы көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік тұрғыда осал топтарына арналған бағдарлама аясында бірқабатты үй (2 пәтер) сатып алынды. Биыл жалпы ауданы 1,3 мың шаршы метр болатын 30 пәтерлік тұрғын үй салынуда.
Ауданындағы 20 елді мекеннің 18-і интернетпен қамтылған. Бұл халықтың 97,5 пайызы. Үштөбе ауылында 2027 жылдың соңына дейін «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында мемлекеттік мекемелерге талшықты-оптикалық байланыс желілерін тарту арқылы интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету жоспарланған. Ал Жұлдыз ауылында OneWeb қоғамдық қолжетімділік нүктесін орнату жұмыстарын осы жылдың қазан айының соңына дейін аяқтау көзделген.
Биыл Үлкен Нарын ауданында 4 білім беру нысаны жөнделді. Ауданда мектепке дейінгі біліммен қамту деңгейі 99,6 пайызды құрайды. 2 мен 6 жас аралығындағы 11 бала әлі де кезекте тұрғандықтан, қосымша орындар ашу жұмыстарын жалғастыру қажет.
Ауданда 18 денсаулық сақтау ұйымы халыққа медициналық көмек көрсетеді. Екі дәрігер жетіспейді. Жыл басынан бері туберкулезбен ауру деңгейі 50 пайызға төмендеді. Аудандық аурухананың материалдық-техникалық базасын нығайту және оны заманауи медициналық жабдықтармен жарақтандыру жұмыстары жалғасып келеді.
Minut.kz



