Басты жаңалықҚоғам

Осинов асуын айналып өтетін жол қарашада пайдалануға беріледі

Шығыс Қазақстан облысында Осинов асуын айналып өтетін жол қарашада пайдалануға беріледі, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Бүгінде ұзындығы 12 шақырымға жуықтайтын жолдың негізгі бөлігі дайын. Жолды қараша айының бірінші онкүндігінде пайдалануға беру жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта көпір құрылысын аяқтау ғана қалды.

Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов жаңа жолға барып, құрылыс барысын тексерді.

Жаңа жолдағы көпірдің ұзындығы 176 метр, ал биіктігі 45 метрді құрайды. Жолдың тағы бір маңызды ерекшелігі оның бұрынғы айналма бағытпен салыстырғанда шамамен 6 шақырымға қысқа болуы. Бұл жүргізушілердің уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді, – деді өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов.

Осинов асуы қыста ауа райының қолайсыздығына байланысты көлік қозғалысы күрделенетін учаскелердің бірі. Жаңа жолдың іске қосылуы осы аумақтағы қозғалыс қауіпсіздігін арттырып, көлік қатынасын жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар жаңа бағыт Шығыс Қазақстанның туристік әлеуетін дамыту үшін маңызды. Жол пайдалануға берілгеннен кейін демалушылар Алтай, Үлкен Нарын және Катонқарағай аудандарындағы туристік нысандарға қауіпсіз әрі жақын жолмен жете алады.

Айта кетейік, өңірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, туристік бағыттарға апаратын жолдардың сапасы мен қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Осы тапсырмаға сәйкес, облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов құрылыс жұмысын белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтау қажеттігін қатаң тапсырды.

Жол инфрақұрылымын жаңарту өңірдің туристік тартымдылығын арттырумен қатар, елді мекендер арасындағы байланысты жақсартуға және тұрғындар мен қонақтар үшін қауіпсіз әрі қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталған.

Minut.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button