Білім

«Human Capital – 2026» форумы білім мен бизнестің стратегиялық одағына айналды

Қазіргі заманғы еңбек нарығының ең үлкен дерті – дипломды мамандардың көптігі емес, сол мамандардың нақты өндіріске келгенде «шикі» болуы. Жыл сайын мыңдаған түлек қолына құжат алғанымен, жұмыс берушілердің «дайын маман таппаймыз» деген уәжі басылар емес. Бұл – тек Қазақстан емес, жаһандық деңгейдегі мәселе. Алайда, Шығыс Қазақстан облысында бұл мәселенің шешімі мүлдем жаңа сипатта көрініс таба бастады, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің базасында өткен «Human Capital – 2026» облыстық мансап форумы білім мен бизнестің жай ғана кездесуі емес, аймақтың экономикалық болашағын айқындайтын стратегиялық альянстың бастауы болды.

Сұраныс пен ұсыныс: Цифрлық дәуірдегі синтез

Бүгінгі еңбек нарығы – бұл үнемі қозғалыстағы механизм. Цифрландыру, автоматтандыру және жасанды интеллекттің қарқынды дамуы университет қабырғасында берілетін академиялық білімнің «ескіру» циклін тым қысқартып жіберді. Егер бұрын жоғары оқу орнында алған білім 10-15 жылға жетсе, қазір ол 3-5 жылда өзектілігін жоғалтуы мүмкін.

Осы орайда, Өскеменде өткен форумның басты месседжі айқын. Жұмыс беруші бұдан былай сырттай бақылаушы немесе дайын өнімді күтуші емес. Ол – білім беру бағдарламасын жасақтаушы, дәріс оқитын лектор және болашақ қызметкерінің тікелей тәлімгері.

Форум аясында қол қойылған «ниет шарттары» жай ғана протоколдық құжаттар емес. Бұл – өңірдегі кадрлық резервтің нақты картасы. Осы келісімдер арқылы университет алдағы жылдары аймаққа қанша инженер, қанша IT-маман немесе экономист қажет екенін нақты цифрлармен көріп отыр. Бұл «бос маман даярлау» қаупін сейілтеді.

«Үздік жұмыс беруші – 2026»: Кімдер оза шапты?

Форумның ең салтанатты сәті – серіктестерді марапаттау рәсімі болды. «Үздік жұмыс беруші – 2026» номинациясына ие болған мекемелерге қарап-ақ, Шығыс Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық басымдықтарын түсінуге болады.

Облыстың өндірістік алыбы «Казцинк» компаниясы үшін университетпен серіктестік – қайырымдылық емес, бизнес-процестің ажырамас бөлігі. Дуальды оқыту жүйесі арқылы студенттер аудиторияда емес, зауыт цехтарында, зертханаларда білім алып жатыр. Бұл түлектің жұмысқа тұрған бірінші күні-ақ өндірістік процеске бірден кірісіп кетуіне кепілдік береді.

Құқық қорғау және мемлекеттік органдар туралы айтсақ, Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті мен Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің белсенділігі жоғары. Олар мемлекеттік қызметке креативті, технологияны меңгерген кадрлардың ауадай қажет екенін көрсетті.

Өскемендегі №15 мектеп пен А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапхананың үздіктер қатарынан көрінуі – адами капиталдың тек техникалық дағдылармен шектелмейтінін, мәдени және педагогикалық әлеуеттің де бағаланатынын дәлелдеді.

Форумдағы ең көп талқыланған жаңалықтардың бірі – Шығыс Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасының базасында Экономика кафедрасы филиалының ашылуы. Бұл – классикалық академиялық білім мен нақты бизнестің үйлесуі.

Бүгінде Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті өңірдегі еңбек нарығының тамырын басып отырған оқу орны деуге толық негіз бар. Университет жай ғана мамандық ашпайды, ол нарықтың ертеңгі сұранысын ескереді. Біздің базамызда ашылған кафедра филиалы студенттерге кабинетте отырып теория жаттаудан гөрі, нақты бизнес-кейстерді шешуге, кәсіпкерлердің нақты проблемаларын зерттеуге мүмкіндік береді. Студент бұл жерден құрғақ дипломмен емес, нарықтың «ас үйін» көріп, піскен маман болып шығады, – дейді Кәсіпкерлер палатасының өкілі Әсет Адылхан.

Бұл тәжірибе «дуалды білім беру» терминін жаңа биікке шығарады. Студент оқу уақытының бір бөлігін өндірісте немесе бизнес ортада өткізгенде, оның мотивациясы да мүлдем басқа деңгейде болатынына мамандар сенеді.

Жәрмеңке: 60 жұмыс беруші және экспресс-сұхбаттар

Форум аясында өткен бос жұмыс орындарының жәрмеңкесіне 60-тан астам ірі және орта кәсіпорын қатысты. Бұл – Шығыстағы еңбек нарығының шынайы айнасы. Жәрмеңкенің ерекшелігі – мұнда «түйіндеме қалдырып кету» ғана емес, бетпе-бет сұхбаттасу мүмкіндігінің болуы.

Статистикалық мәліметтерге үңілсек, мұндай алаңдарда өткен экспресс-сұхбаттардан кейін түлектердің 30-40 пайызы алғашқы жұмыс берушісімен нақты уағдаластыққа қол жеткізеді. Бұл – жас маман үшін психологиялық кедергіні жеңудің және өз әлеуетін тікелей көрсетудің ең қысқа жолы.

«Human Capital – 2026» форумының қорытындысы бір ақиқатты айқындап берді. Шығыс Қазақстанның кадрлық әлеуетін көтеру – бұл тек университеттің немесе тек бизнестің шаруасы емес. Бұл – үлкен ортақ жауапкершілік.

Сарапшылардың пайымынша, мұндай форматтағы жұмыстың үш артықшылығы бар. Бірінші, мемлекет үшін жұмыссыздық деңгейі төмендейді. Бюджет қаржысына оқытылған маман далада қалмайды. Екінші, бизнес үшін кадр іздеуге кететін шығындар азаяды және мамандарды қайта оқытуға уақыт шығындамайды. Үшіншіс, түлек үшін ертеңгі күнге деген сенімділік және мансаптық сатымен жылдам өсу мүмкіндігі.

Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың бұл тәжірибесі – аймақтың экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ететін басты тетік. Егер мамандар бүгін бизнеспен тізе қосып даярланса, ертеңгі күні «дипломы бар, білімі жоқ» деген стереотип тарих қойнауына кетеді. Шығыс Қазақстанның адами капиталы – аймақтың басты алтыны, ал оны ұқсату жолындағы университет пен бизнес альянсы нақты жемісін бере бастады.

Жанель Жанболатқызы

Басқа жаңалықтар

Back to top button