Риддерде 3 шақырымнан астам жылу желісі жаңартылып жатыр

Риддер қаласының жылу жүйесін жақсарту бойынша жүйелі жұмыс жалғасуда. Алдағы жылыту маусымына дайындық облыс әкімдігінің ерекше бақылауында. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Риддер тұрғындарымен есеп беру кездесуінде мәлім етті, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Биыл Риддер ЖЭО мен жылу желілерін жөндеуге Үкімет резерві және облыстық бюджет есебінен жалпы құны 2,6 млрд теңгеге тиісті жұмыс жүргізілуде.
Қазіргі уақытта жалпы ұзындығы 3,3 шақырымды құрайтын жылу желілерінің 12 учаскесінде жөндеу жұмысы атқарылып жатыр. Жоспарланған жұмыс толық аяқталған жағдайда орталықтың тозу деңгейін 2025 жылғы 43,3%-дан 41,5%-ға дейін, ал жылу желілерінің тозуын 59,1%-дан 56,7%-ға дейін төмендету көзделіп отыр.
Айта кетейік, өткен жылы да Риддердің жылу энергетикасы нысандарында ауқымды жұмыстар жүргізілді. Соның нәтижесінде орталықтың тозу көрсеткіші 45,7%-дан 43,3%-ға, ал жылу желілерінің тозуы 66,8%-дан 59,1%-ға дейін төмендеді.
Нұрымбет Сақтағанов жылыту маусымына дайындықты сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтаудың маңыздылығын атап өтті. Осыған байланысты облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына Риддер қаласының әкімдігімен бірлесіп, Риддер ЖЭО мен жылу желілеріндегі барлық жөндеу жұмыстарын уақтылы аяқтау, нысандардың жылыту маусымына сақадай сай дайындығын қамтамасыз ету және бөлінген қаражатты толық игеру тапсырылды.
Minut.kz



