Астанада қайтарылған активтер құрамындағы пәтерлер саудаға шығарылды

Астанада қайтарылған активтер құрамына кіретін элиталық тұрғын үй кешендеріндегі үш пәтер саудаға шығарылды, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Пәтерлердің екеуі «Парижский квартал» тұрғын үй кешенінде, тағы бірі Green Village кешенінде орналасқан.
Олардың бастапқы бағасы 112 миллион теңгеден 363 миллион теңгеге дейін белгіленген. Аумағы 93 шаршы метрден 309,5 шаршы метрге дейін жетеді. Сауда 22 қыркүйекте сағат 10:00-де e-Qazyna электронды порталында конкурс арқылы өтеді.
Әлеуетті сатып алушылар сауда басталғанға дейін жылжымайтын мүлікті көріп шығуына болады. Пәтерлерді Қайтарылған активтерді басқару компаниясы өткізеді. Бұл нысандар бұрын заңсыз жолмен алынған қаражатқа сатып алынған және кейін мемлекет меншігіне қайтарылған активтер құрамында болған.
Minut.kz



