Саудагерлер 40 рет заң бұзған
Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері сауда саласында 116 жоспардан тыс тексеру жүріп, баға белгілеріне қатысты 40 заңбұзушылық анықталды, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Сатушылар тауарды сөреге арзан көрсетіп қойып, кассада қымбатқа сатқан немесе бағаны ұлттық валютада жазбағау секілді заңбұзушылық болған.
Өскемен тұрғыны «Koton» дүкенінен кофта сатып алмақ болған. Сөредегі бағасы — 2990 теңге, ал кассада одан 3 990 теңге ұстап қалған. Байқап қалған тұтынушы дүкен әкімшілігіне шағымданғанымен, басшылық оны елеусіз қалдырған.
Бұдан соң азаматша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне арызданды. Тексеру нәтижесінде заңбұзушылық толық расталып, дүкенге айыппұл салынды. Сонымен қатар ЖШС-ге заңбұзушылықты жою және тұтынушыға артық төленген 1 000 теңгені қайтару міндеттелді.
«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның 24-бабына сәйкес, сатушы тауарды тек сөреде көрсетілген бағамен сатуға миндетті. Сондықтан бағаға қатысты күмәніңіз болса төмендегі кеңесті ескеріңіз.
- Талап етіңіз: Тауарды витринада тұрған арзан бағамен сатуды талап етуге толық заңды құқығыңыз бар.
- Дәлел жинаңыз: Сөредегі баға белгісін және чекті фотоға немесе видеоға түсіріп алыңыз.
- Шағым жазыңыз: Дүкен әкімшілігіне жазбаша арыз қалдырыңыз.
- Департаментке хабарласыңыз: Егер дүкен басшылығы бас тартса, өңірлік Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне шағым түсіріңіз.
Minut.kz



