Тұтынушы бүлінген тауардың ақшасын қайтарып алды
Шығыс Қазақстан облысында тұрмыстық техника дүкені сапасыз теледидар сатқан. Дүкен иесі мұнымен қоймай сатып алушыға ақшасын қайтарудан бас тартқан. Мәселеге өңірлік Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті араласып, тұтынушының заңды құқығын қалпына келтірді, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Оқиға тұрғынның дүкеннен 344733 теңгеге жаңа теледидар сатып алуынан басталған. Тауар үйге жеткізілген соң, қаптамасын ашып, орнату кезінде теледидар экраны жақтауынан ажырап, ашылып қалған. Соның салдарынан техниканы мүлдем пайдалану мүмкін болмай шықты.
Тұтынушы бірден дүкенге шағымданғанымен, сатушы тарап тауарды айырбастаудан немесе ақшаны қайтарудан бас тартқан. Тіпті дүкен қызметкерлері тұтынушыға сараптаманы өз қаражатына жүргізіп, тауарды сараптама орталығына өзі жеткізуі тиіс екенін айтып, жауапкершілкті мойнына алмаған. Дүкеннің заңсыз талабымен келіспеген азамат Департаментке өтініш түсірді.
Департамент мамандары іске араласып, сатушы өкілдеріне «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының талаптарын түсіндірді. Заңның 15-бабына сәйкес, егер сатушы тауардың кемшіліктерін алдын ала ескертпесе, тұтынушы сатып алудан бас тартып, ақшасын толық қайтаруды талап етуге толық құқылы. Сонымен қатар, тауар сапасына тексеру жүргізу міндеті де сатушының мойнында.
Жүргізілген тусіндіру жұмыстарынан кейін дау сотқа жетпей шешілді. Дүкен қожайыны өз қателігін мойындап, тұтынушыға 344733 теңгені толықтай қайтарып берді.

Өкінішке қарай, кейбір сатушылар тұтынушылардың заңды білмеуін пайдаланып, сапасыз тауардың жауапкершілігін азаматтардың өзіне артып қоюға тырысады. Тауардың кемшілігі тұтынушыға берілгенге дейін пайда болса, оны тексеру немесе ақшаны қайтару – сатушының тікелей заңды міндеті. Тұтынушы өз бетінше қымбат сараптама жасауға міндетті емес. Бизнес өкілдерін тұтынушылардың құқықтарын бұрмаламауға, ал азаматтарды өз құқықтарын батыл қорғауға шақырамыз, — деді департамент басшысы Асхат Сағидолдин.
Minut.kz



