Азаматтар ақшаларын қайтарып алды
Шығыс Қазақстан облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті азаматтардың заңды құқығын қорғап, сотқа дейінгі тәртіппен ақшалай қаражатты қайтаруға көмектесті деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
2025 жылы тұтынушы пәтер сатып алу үшін жылжымайтын мүлік агенттігіне 100 000 теңге қамтамасыз ету төлемін енгізіп, бағалау қызметіне 58 500 теңге жұмсаған. Алайда, компанияның ішкі бөлінуіне байланысты нысан сатылымнан алынып, мәміле іске аспай қалады. Риелторлар қаражатты қайтарудан бас тартқан. Осыдан кейін департамент мамандарының заңнамалық консультациясынан кейін тұтынушыға 158 500 теңге толық көлемде қайтарылды.
Тағы бір жағдайда тұтынушы Kaspi.kz қосымшасы арқылы Өскеменнен Көкшетау қаласына жеткізу қызметімен 109 990 теңгеге тоңазытқыш камерасын сатып алған. Тауарды ашқан кезде оның корпусында терең майысқан ақаулар анықталған.
Дүкен өкілдері техниканы кері алып кеткенімен, 2026 жылғы 11 тамызда ақшаны қайтарудан негізсіз бас тартқан. Департамент мамандары сатушымен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының талаптарын ескерткеннен кейін, сауда желісі 109 990 теңгені иесіне кері қайтарды.
Minut.kz



