Риддерлік ұстаздар сабаққа барудан бас тартатындарын айтты
Бүгін Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы №11 мектептің ұжымы жұмысқа шықпаймыз деп үндеу жасады – деп хабарлайды Minut.kz тілші.
Бейнеүндеуде мұғалімдер мектепке жасалып жатқан психологиялық қысымды тоқтатуды сұраған.
Құрметті Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Сүлейменова Жұлдыз Досбергенқызына, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Сақтағанов Нұрымбет Аманұлына, Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласының әкімі Рахметқалиев Думан Есдәулетұлына №11 жалпы орта білім беретін мектеп мұғалімдері атынан үндеу – деп басталады ұстаздар сөзі.
Бұдан әрі, әрбір мұғалім мектепте өзін қауіпсіз сезінуге, қолдау мен құрметке ие болуға құқылы деп санайтындарын айтқан. Сөздерінше, Риддер қалалық білім бөліміне жаңа басшы тағайындалғалы мектепте негізсіз тексерулер көбейген.
Мұғалімдер: – Білім бөлімі басшысының қызын жұмысқа алғалы мектеп әкімшілігі оның жұмысы үшін барлық жағдайды жасауға мәжбүр болды. Оған жеке кабинет берілді. Ол үшін оқу кабинеттерінің жетіспеушілігіне қарамастан үш қызметкер көшірілді. Сондай-ақ, басшы өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, қызын негізгі білім беру жүктемесімен және директордың орынбасары қызметімен қамтамасыз етуді талап етті. Оның қызы жүлделі орындарды иеленетін қалалық конкурстарды өткізу кезінде ықпал етті. Қалалық білім бөлімі басшысы тарапынан бірнеше рет ақылы іссапарлармен қамтамасыз ету үшін мектеп әкімшілігіне қысым жасалған фактілер бар – делінген үндеуде.
Ұстаздар «Басшының қызы» оқушыға қол жұмсап, ата-аналардың шағымына тиісті органдар ден қоюына қарамастан, ол жазасыз қалғанын айтқан. Дәл осы жағдайдан кейін тексерулер жиілеп, ұжымдағы психологиялық ахуал нашарлаған көрінеді. Сондықтан осындай қадамға барғандарын айтты.
Бүгін яғни, 2025 жылдың 3-желтоқсаны күні сабаққа барудан бас тартамыз және бізге назар аударуды сұраймыз — деді үндеуде.
Осы жағдайға байланысты салған сұрауымызға облыстық білім басқармасы қысқа ғана ақпарат таратты.
Риддер қаласы бойынша №11 жалпы білім беретін мектеп ұжымының арызына қатысты облыстық білім басқармасы өкілдерінен құралған арнайы жұмыс тобы құрылды. Комиссия айтылған өтініштерді объективті тұрғыда қарау үшін Риддер қаласына кетті – делінген берілген жауапта.
Minut.kz



