Инвесторды заңсыз жазаламақ болған
Абай облысында инвесторға заңсыз жаза қолданбақ болған экология саласының басшысы орынбасарына айыппұл салынды, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Оған «KAZ Minerals Aktogay» компаниясына қатысты істі заң талаптарын сақтамай қозғағаны үшін жауапкершілік жүктелді.
Облыс прокуратурасының мәліметінше, Экология департаменті компанияға қатысты заңда көзделген тексеруді жүргізбей, мемлекеттік бақылау тәртібін сақтамастан әкімшілік іс қозғаған. Прокуратураның наразылығынан кейін сот компанияны жауапқа тарту туралы шешімнің күшін жойды. Сонымен қатар сот Экологиялық реттеу және бақылау комитетіне анықталған заң бұзушылықтарды жоюды тапсырды.
Ал департамент басшысының орынбасарына 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 86 мың 500 теңге айыппұл салынды.
Minut.kz



