ШҚО-да жол апатының саны 15,3 пайызға азайды

Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысына қатысты. Онда жол қозғалысы мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы сөз етілді, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Шығыс Қазақстан облысында жол-көлік инфрақұрылымын жаңарту, жолдардың сапасын арттыру және қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы тиісті жұмыстар жалғасып жатыр. Биыл өңірде 630 шақырым жол жөндеу жоспарланған. Сондай-ақ жыл басынан бері 1,5 мың жол белгісі орнатылып, жаңартылды және 152 мың шаршы метр жолға таңба түсірілді.
Жол инфрақұрылымының сақталуына да назар аударылған. Мәселен, «Үлкен Нарын-Күршім» жолында ауыр жүк көліктерінің салмақ параметрлерін автоматты түрде өлшейтін кешен орнатылды. Ал жол жағдайы мен ауа райы туралы жүргізушілерді жедел ақпараттандыру үшін елді мекендерден шығатын, апат қаупі жоғары және қар көшкіні қаупі бар бағыттарға 4 электронды ақпараттық тақта қойылды.
Облыс әкімі берген мәліметке сәйкес, 2026 жылдың сегіз айында Шығыс Қазақстанда 700-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Жол апаттарына себеп болған негізгі заң бұзушылықтардың қатарында жылдамдық режимін сақтамай 200-ден астам жағдай тіркелген. Жолдағы жүріп өту кезектілігін бұзу – 131 жағдай. Жаяу жүргіншілер өткелінен өту ережесін бұзу – 115 жағдай орын алған. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда негізгі көрсеткіштердің төмендегені байқалады. Атап айтқанда, жол-көлік оқиғаларының саны 15,3 пайызға — 863-тен 731-ге, қаза болғандар саны 37,8 пайызға — 37-ден 23-ке, жарақат алғандар саны 15,1 пайызға — 1 245-тен 1 057-ге азайған.
Жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын оқиғалар саны да азайған. Жаяу жүргіншілерді қағып кету жағдайлары 45,5 пайызға, жарақат алған жаяу жүргіншілер саны 35 пайызға азайды.
Minut.kz



