Солтүстік және шығыс өңірлері жылуға ерте қосылады

Солтүстік және шығыс өңірлерде жылыту маусымын ауа райына қарай 1 қазанға дейін бастау жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Оның айтуынша, Павлодар облысында жылыту маусымы 14 қыркүйекте басталған. Энергия көздерінде маусымды бастауға қажетті 4,9 млн тонна көмір мен 127 мың тонна мазут қоры жасақталған. 4 энергия блогы, 30 қазандық және 19 турбинадағы жөндеу жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ 17 мың шақырым электр беру желісін жөндеу толық аяқталған. Жоспарланған 377 шақырым жылу желісінің 366 шақырымы дайын, бұл 97 пайызды көрсетеді.
Үкімет ерекше бақылауға алған өңірлер қатарында Ұлытау, Абай, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстары бар. Петропавлдағы жылу магистральдарының дайындығы 95 пайыз, Степногорскіде 76 пайыз, Семейдегі үш жоба бойынша 70 пайыз деңгейінде. Семейде қажетті жабдықтарды жеткізу 26 қыркүйекке жоспарланған.
Minut.kz



