Басты жаңалықЭкономика

ШҚО мен Польша арасындағы сауда-саттық көбейді

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Польшаның Қазақстандағы Уақытша сенімді өкілі Михал Лабендамен ресми кездесу өткізді, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Тараптар ынтымақтастықтың аралық нәтижелерін қорытындылап, әрі қарайғы даму бағыттарын талқылады. Кездесуде өңір басшысы облыстың жаңа инвестициялық жобаларға әрдайым ашық екенін әсіресе, агроөнеркәсіп кешенінде серіктестікті кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді. Инвесторларға барлық қажетті қолдау көрсетілетіні де атап өтті.

Ал өз кезегінде Михал Лабенда Шығыс Қазақстанды сенімді серіктес ретінде бағалап, тек ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдауға ғана емес, өнеркәсіптік және технологиялық ықпалдастыққа да дайын екендіктерін білдірді.

Қаңтар мен шілде айларының аралығында жалпы тауар айналымы шамамен 4,9 млн АҚШ долларын құраған. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 109 пайызға өскен. Экспорт көлемі екі жарым миллион доллардан асты. Негізінен шығыстан Польша еліне зығыр, рапс тұқымы және өсімдік тектес материалдар жөнелтіледі.

Ал Польшадан импорт көлемі 2,28 миллион доллардан асқан. Ол жақтан облыс аумағына полиацетальдар мен эпоксидті шайырлар, синтетикалық бояулар мен лактар, құю қалыптарына арналған химиялық өнімдер әкелінеді.

Кездесу соңында екі тарап бизнес-қоғамдастықтар арасында тікелей байланыс орнатуға және ашық диалогты әрі қарай жалғастыруға уағдаласты.

Minut.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button