Басты жаңалықМәдениет

Тілеубек Шаяхметұлы: «Сөйлейтін кадр сөзді қажет етпейді»

Фотожурналистика – бұл тек сурет түсіру емес, тарихтың бір сәтін қағазға немесе цифрлы форматқа мөрлеп басу өнері. Көзбен көріп, жүрекпен сезінген сәтті мәңгілікке қалдыру. Ал міндеті – тарихтың тамыр соғысын дөп басу. Бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкері – кәсіби фототілші Тілеубек Шаяхметұлы. Маманның объективіне іліккен әрбір кадрдың өз айтары, өз тарихы бар. Біз маманмен танымал туындылары, кәсіби шеберлік және фотоөнердің қыр-сыры туралы әңгімелестік.

– Тілеубек аға, сәлеметсіз бе? Сұхбатқа келіскеніңізге рахмет! Өзіңіздің жұмыстарыңызды шолып отырып, «Ай мен Абай» атты туындыңызға ерекше тоқталғым келеді. Бұл кадр әлеуметтік желіде үлкен қызығушылық тудырды. Осы суреттің шығу тарихын айтып берсеңіз. Бұл кездейсоқ сәттілік пе, әлде ұзақ ізденістің жемісі ме?

– Сәлеметсіз бе! Рахмет, бұл суретті байқағаныңызға қуаныштымын! Шындығына келсек, «Ай мен Абай» суреті ешқандай байқау үшін арнайы түсірілген дүние емес. Бірақ бұл – толықтай жоспарланған, математикалық есеп пен шығармашылық қиялдың тоғысқан нүктесі. Біз суретші болған соң, табиғаттағы әрбір өзгерісті, аспан денелерінің қозғалысын бақылап жүреміз. Бұл фото 2018 жылғы сирек кездесетін Айдың тұтылуы кезінде дүниеге келді. Ай тұтылғанда ол ерекше қызғылт, мистикалық түске енеді. Мен бұл сәтті алдын ала білдім және түсіретін орынды, уақытты, ракурсты мұқият жоспарладым. Неге Абай ескерткіші? Себебі, Абай десе, құлағымызға бірден «Желсіз түнде жарық ай» әні келеді емес пе? Осы мағыналық үндестікті көрсеткім келді. Хакім Абайдың қолына сол тұтылып тұрған қызыл Айды «ұстату» – менің ішкі концепциям болды. Бұл жерде тек техника емес, ұлы ақынның поэзиясына деген құрмет жатыр.

Сурет Т.Шаяхметұлының мұрағатынан алынды

– Кәсіби ортада «сөйлейтін кадр» деген ұғым бар. Сіз үшін бұл нені білдіреді? Жақсы суреттің құрамында міндетті түрде не болуы керек?

– «Сөйлеп тұрған сурет» – ол ешқандай мәтіндік түсіндірмені, астына жазылған сөзді қажет етпейтін туынды. Сурет өзі баяндап, өзі сөйлеп тұруы тиіс. Бір ғана кадр арқылы сол кезеңнің атмосферасын, адамның ішкі тебіренісін немесе бүкіл бір тарихи оқиғаның маңызын жеткізуге болады. Суретте ең бастысы – шынайылық пен мағына болуы керек. Композиция мен жарық техникалық дүниелер болса, суреттің жаны – оның беретін ойында.

Сурет Т.Шаяхметұлының мұрағатынан алынды

– Қазір кез келген адамның қолында смартфоны бар, бәрі – фотограф. Осы цифрлы заманда кәсіби фототілшінің рөлі қаншалықты өзгерді? Сұраныс азайған жоқ па?

– Иә, бүгінде технологияның дамығаны соншалық, кез келген адам сапалы сурет түсіре алады. Бірақ фототілшінің орны қашанда бөлек болып қала береді. Неге? Өйткені фототілші – бұл тек суретші емес, ол – куәгер. Ол оқиғаны еш бұрмалаусыз, объективті түрде береді. Фототілшінің смартфоны бар адамнан айырмашылығы – ол сол сәттің маңыздылығын түсінеді. Ол оқиғаның ең шешуші сәтін, ең тиімді ракурсын таба біледі. Кәсіби маман оқиғаны шынайылықпен, бірақ көркемдік эстетикамен жеткізеді. Бұл – үлкен өнер және үлкен жауапкершілік.

Сурет Т.Шаяхметұлының мұрағатынан алынды

– Ал фотожурналистің қарапайым фотографтардан (мысалы, той немесе студия фотографтарынан) басты ерекшелігі неде?

– Фотожурналистика – бұл алғырлық пен қырағылықтың мектебі. Бұл мамандық басқалардан қарағанда ширақтықты талап етеді. Фототілші үнемі оқиғаның ортасында, қарбалас пен қапталдас әрекеттердің арасында жүреді. Ол жерде «қайталап жіберіңізші» деп сұрауға мүмкіндік жоқ. Сәтті кадрды ұстап қалу үшін секундына дейін есептеу керек.

Сурет Т.Шаяхметұлының мұрағатынан алынды

– Фотожурналистиканың жанрлары туралы не айтасыз? Уақыт өте келе бұл сала қалай түрленді?

– Жанрлар мәселесі өте қызық. Осыдан 20 жыл бұрын біз тек екі бағытты білетінбіз: ақпараттық (жедел репортаждар) және публицистикалық (фотоочерктер, каллаждар). Қазір шекаралар кеңейді. Бүгінде портрет, пейзаж, архитектуралық түсірілімдердің бәрі журналистикамен астасып жатыр. Тіпті қазір заман ағымына қарай жаңа бағыттар қосылды. Дронмен түсіру (аэрофото) бұрын қолжетімді емес ракурстарды ашты. Ғарыштық фото бұл да қазір қолжетімді бола бастады. Спорттық және анималистикалық (жануарлар) фото. Бұлар да өз алдына бөлек мектеп. Заман дамыған сайын жанрлар да күрделеніп, толығып келеді.

Сурет Т.Шаяхметұлының мұрағатынан алынды

– Сіздің архивіңізде облыстың дамуына, белгілі тұлғалар мен әкімдерге қатысты тарихи кадрлар аз емес екені анық. Солардың ішінде өзіңіз үшін ең қымбат немесе қиындықпен келгені қайсы?

– Бұл сұраққа жауап беру әрі оңай, әрі қиын. Мен үшін әрбір фото – менің бір бөлшегім, өз баламдай қымбат дүние. Белгілі фотограф Имоджен Каннингемнің «Менің ең сәтті суретім – ертең түсіретін суретім» деген керемет сөзі бар. Мен де солай ойлаймын. Әрбір өткен күн – архив, ал алда әлі талай тарихи кадрлар күтіп тұр.

Сурет Т.Шаяхметұлының мұрағатынан алынды

– Алғаш рет қолыңызға фотоаппарат алған сәтіңізді еске түсірейікші. Бәрі қалай басталды?

– Бәрі 2000 жылдары студент кезімде басталды. Ол кезде қазіргідей цифрлы техника жоқ, кіп-кішкентай пленкалы аппарат болатын. Алматыға ағама қыдырып бара жатып, жол-жөнекей қызықты сәттерді түсірсем деген қарапайым ниет болды. Ол кезде «фототілші боламын» деген мақсат та жоқ еді, тек естелік үшін түсіретінмін. Бірақ сол кездегі қызығушылық кейін үлкен кәсіби жолға ұласты.

– Түсірілім кезінде кейіпкермен тіл табысу маңызды ма? Кейбіреулер адамның өзін байқамай тұрғандағы табиғи қалпы әдемі дейді…

– Бұл жанрға тікелей байланысты. Егер біз портрет түсіріп жатсақ, кейіпкермен сөйлесіп, оның көңіл-күйін түсініп, ақылдасқан дұрыс. Дегенмен, кейіпкердің сізді байқамай, басқа жаққа қарап, өз ойына шомып тұрған сәтін ұстап алсаңыз, ол сурет өте терең әрі әсерлі шығады. Ал репортаж жанрында ереже басқаша. Сен оқиғаға араласпауың керек. Болып жатқан дүниені сол қалпында, шынайы жеткізу басты міндет. Кейіпкер сені сезбеуі тиіс, сонда ғана кадр шынайы болады.

– Тілеубек аға, әсерлі әңгімеңізге рахмет! Шығармашылық табыс тілеймін, «сөйлейтін кадрларыңыз» көбейе берсін!

– Рахмет! Сау болыңыз!

Сұхбаттасқан: Жанель Жанболатқызы

Сурет Т.Шаяхметұлының мұрағатынан алынды
Сурет Т.Шаяхметұлының мұрағатынан алынды

Кейіпкер жайлы:

  • Шаяхмет Тілеубек Шаяхметұлы – кәсіби фотожурналист, Қазақстан Журналистер одағының және «Фотоөнер» қоғамдастығының мүшесі.
  • Туған жері: 1981 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданында дүниеге келген.
  • Білімі: Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ мен Алматы экономика және статистика академиясын тәмамдаған. Кейіннен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де «Фотография негіздері» бойынша кәсіби біліктілігін арттырған.
  • Еңбек жолы: 2017-2024 жылдар аралығында облыстық «Дидар» газетінің фототілшісі ретінде аймақтың шежіресін таспалады. Қазіргі уақытта Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-да фототілші, SMM маманы қызметін атқарады.
  • Кәсіби жетістіктері:
  • «National Geographic Qazaqstan» ұйымдастырған «Koztartar» байқауының жеңімпазы (1-орын, 2024 ж.).
  • Қазақстан Журналистер одағының Рақымжан Ханалы атындағы арнайы сыйлығының иегері (2018 ж.).
  • Шығыс Қазақстан облысы әкімі сыйлығының екі мәрте иегері (2018, 2023 жж.).
  • Халықаралық «Астана әлем фотографтарының көзімен» фестивалінің номинация иегері.
  • «Ауыл нақыштары» (2025 ж.) және т.б. республикалық фотобайқаулардың жүлдегері.
  • Тілеубек Шаяхметұлы — «Киелі Алтай», «Атамекен» секілді көптеген фотоэкспедициялардың қатысушысы және «Шығыс Салбурыны» көрмесін ұйымдастырушыларының бірі. 2022 жылы Балалар жылына арналған жеке фотокөрмесін өткізген.

Басқа жаңалықтар

Back to top button