Ұлттық қордан балаларға түсетін қаржы өсуі мүмкін
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша болашақ төлемдердің мөлшері артуы мүмкін. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Тимур Сүлейменовтің айтуынша, алдағы үш жылда Ұлттық қордан бес триллион теңге алу жоспарланғанымен, қор активтерінің көлемі өсе береді деп болжанып отыр. Соған сәйкес, инвестициялық кіріс те артуы мүмкін. Бұл балалардың есепшоттарына түсетін қаражат көлеміне де әсер етеді.
Бағдарлама бойынша Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық кірісінің елу пайызы он сегіз жасқа толмаған Қазақстан азаматтарының арасында тең бөлінеді. Қаражат кәмелетке толғанға дейін олардың есепшоттарында сақталады.
2027–2029 жылдары Ұлттық қордан алынатын бес триллион теңге маңызды нысандар мен жобаларды қаржыландыруға бағытталмақ. Ал биыл Үкімет Ұлттық қордан нысаналы трансферт алудан бас тартып, тек кепілдендірілген трансфертті сақтап қалды.
Minut.kz



