Өтірік өнім сатқан кәсіпкердің ісі әшкере болды
Шығыс Қазақстан облысында әлеуметтік желілер арқылы медициналық бұйымдар мен емдік заттар сатып алып, алданып қалатын азаматтардың саны жиілеп кетті, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Бұл туралы облыстағы Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің өкілдері мәлімдеп, жергілікті тұрғындардың жиі тап болатын жағдайлар туралы айтты.
Тұтынушы әлеуметтік желі арқылы тонометр (қан қысымын өлшейтін құрал) және папилломаға қарсы арнайы крем-гельге тапсырыс берген. Сәлемдемені «Қазпошта» бөлімшесінен алып, үйіне келгенде сан соғып қалды. Медицинaлық құрал ақаулы болып шықты және қан қысымын тым жоғарылатып, жалған көрсеткіштер берген. Ал тапсырыс берілген емдік гелдің орнына қорапқа қытайда өндірілген, қышынуға қарсы арзан мазь салынған, – дейді департамент басшысы Асхат Сағидолдин.
Тұтынушының бұдан кейін сатушымен тікелей байланыса алмай департамент көмегіне жүгінді. Департамент мамандары заңды белден басқан сатушының нақты заңды деректерін жедел анықтап, онымен байланысқа шықты және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Нәтижесінде дау сотқа дейінгі тәртіппен реттелді. Кәсіпкер ақаулы тауарды кері жеткізу шығындарын қоса алғанда, сатып алушыға 32 580 теңге көлеміндегі қаражатты толығымен қайтарды.
Айта кетейік, егер сіз немесе сіздің жақындарыңыз тұтынушы құқығының бұзылуына, сапасыз тауар сатылуына немесе ақшаны қайтарудан бас тарту жағдайларына тап болсаңыздар ШҚО бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне тікелей хабарласа аласыздар. Жедел желі телефоны: 8 (7232) 61-41-21. Мекенжайы: Өскемен қ., 30-шы гвардиялық дивизия көшесі, 22. Онлайн-өтініштер e-Otinish.kz бірыңғай мемлекеттік платформасы арқылы қабылданады.
Minut.kz



